Елорданың қоғамдық көліктерінде SMS-хабарлама арқылы жолақы төлеу тоқтатылады

685

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көліктерінде 1 мамырдан бастап SMS-хабарлама жолдау арқылы төлеу қызметі өшіріледі. 

Елорданың қоғамдық көліктерінде SMS-хабарлама арқылы жолақы төлеу тоқтатылады

Мұндай шешім ұялы байланыс операторлары қызметінің жиі істен шығуына байланысты тасымалдаушылардың сұрауы бойынша қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

2505 қысқа нөміріне SMS-төлем жасау – жол жүрудің баламалы төлем түрлерінің бірі. Негізгі әдіс – көлік картасы және қолма-қол ақша арқылы төлеу. Жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеу қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің енгізген карантиндік шараларына байланысты қолданылмайды.

Бүгінгі күні жол ақысын көлік картасымен, сондай-ақ QR-код арқылы төлеуге болады. Ол үшін келесі мобильді қосымшаларды қолдануға болады: Transcard, Kaspi.kz, SMSBUS, Homebank, My Activ, My Beeline, Senim, Рахмет, Astra Bus, Plus24 (Касса24), Qiwi және OYBY.

"Байланыс үзілістері жолаушылардың өздеріне қолайсыздық тудырады. Мысалы, SMS арқылы төлем кешіктіріліп төленуі мүмкін немесе бірнеше рет алынады. Сондай-ақ, қоғамдық көлік жолаушыларының жол ақысын төлеуден жалтару жағдайлары көп. Мәселен, кейбір азаматтар жол жүру ақысын SMS жіберу арқылы бақылаушылар тексерер алдында ғана төлейді. Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері "SMSBUS контролер" қосымшасы арқылы автобусқа кірген кезде бір уақытта бір аялдамада SMS хабарламасы арқылы жол ақысын төлеудің 30-дан астам фактісін тіркейді. Нәтижесінде шығындар тәулігіне шамамен 7 млн теңгені құрайды. Бұл — айына 216 млн теңге және жылына 2,5 млрд теңге", - деді "City Transportation Systems" ЖШС Басқарма Төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Нұр-Сұлтан қаласында SMS жолдау арқылы қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу сервисі 2018 жылы енгізілген. Сервиске барлық ұялы операторлар (Activ/Kcell, Beeline, Altel, Tele2) және QR кодының көмегімен жасалатын төлем қосылған. 2018-2021 жылдар аралығында қоғамдық көлікте SMS және QR-код арқылы төлеу елорданың жалпы жолаушылар легіне шаққандағы сан төмендегідей:

– 2018 жылы — QR 0,6%; SMS үлесі 0,4%;
– 2019 жылы — QR 3,2%; SMS үлесі 5,8%;
– 2020 жылы — QR 15,6%; SMS үлесі 12,4%;
– 2021 жылы — QR 29%, оның ішінде SMS үлесі 12%-ды ғана құрайды.

"Ұялы байланыс операторларынан SMS төлемді сақтауға қатысты ұжымдық өтініштерде елорданың қоғамдық көлігін пайдаланушылар арасында ұялы телефондардың аз ғана бөлігі интернетке шығу және QR-код арқылы төлеу мүмкіндігінсіз пайдаланады деген дәлелдер келтіріледі. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда мұндай пайдаланушылар — қарт адамдар, мүгедектер және бастауыш сынып оқушылары. Азаматтардың осы санаттары үшін жеңілдікті және мектеп көлік карталарын пайдалану арқылы тегін жол жүру қарастырылған. Осы фактілерді ескере отырып, SMS хабарламалар арқылы төлемді пайдаланатын қоғамдық көлік пайдаланушыларының басым бөлігі – смартфондары бар экономикалық белсенді халық екенін атап өтуге болады және төлемнің осы түрі өшірілген жағдайда, ол QR-кодты сканерлеумен мобильді қосымшалар арқылы жол жүру үшін әрқашан төлей алады", — дейді Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.

Мәслихаттың № 167/21-VI шешіміне сәйкес қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден босату түріндегі әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына тиесілі: Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толған, жасына байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, оның ішінде ата-анасының (заңды өкілдерінің) біреуіне.

Сонымен қатар, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша жеке мектеп көлік картасымен валидацияланған жағдайда елорданың оқу орындарының және қызмет көрсетілетін қала маңы аймақтарының оқушыларына 7 жастан 18 жасқа дейін тегін жол жүру мүмкіндігі берілді.

2021 жылдың басынан бері жалпы жолаушылар ағыны 42 396 276 құрады. Күніне орта есеппен олардың саны – 403 600.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу