Елорданың мәртебесі Конституциялық заң деңгейінде айқындалады

103

Құжат Мәжіліс қарауына сәуір айының соңына дейін енгізіледі.

Елорданың мәртебесі Конституциялық заң деңгейінде айқындалады Фото: canva.com

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Конституциялық заң деңгейінде астананың мәртебесі айқындалатын болады. Бұл елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, қалалық ортаның сапасын, қала тұрғындарының өмір сүруінің жайлылық деңгейін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұдан басқа Конституциялық заң жобасы елордадағы жергілікті басқарудың ерекшеліктерін, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон, көлік, жер және тағы басқа мәселелерді көздейді", – деді Серік Жұманғарин.

Бұдан бөлек әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы Конституциялық заңның жобасы әзірленді.

"Ол жекелеген нормаларды нақтылауға, сонымен қатар құқықтық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған. Конституциялық заңның жобасы облыс, аудан, қала, ауылдық елді мекендер санаттарын белгілеуді, оларды құру және қайта құру бойынша құзыретті органдардың өкілеттіктерін айқындауды қамтиды. Осылайша, заң жобасы мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен орнықтылығын көздейді", – деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.

Белгіленген рәсімдерге сәйкес заң жобалары Мәжіліс қарауына сәуір айының соңына дейін енгізіледі. 

Айта кету керек, бұған дейін Олжас Бектенов 10 сәуірге дейін жаңа Ата заңды жаппай таралыммен басып шығаруды тапсырғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу