Елорданың мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізіледі

598

Енді қалада салынып болған құрылыс нысандарын тапсырыс беруші ғана емес, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдері мен өрт сөндірушілер қабылдайды, тексеруден өткен ғимараттар ғана пайдалануға беріледі. 

Елорданың мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізіледі Фото: inbusiness.kz

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жөнінде елорда кәсіпкерлерімен кездескен қала әкімі Жеңіс Қасымбек 2024 жылға қарай 60 балабақша мен 15 оқушылар үйі салынатынын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Бүгін құрылысшылар нысанды қалай тапсырады? Құрылыс салушы мен мердігер техникалық қадағалауды жүзеге асырады. Ал нысанды тапсырыс берушінің өзі қабылдап алады. Комиссия құрамында өрт сөндіру бөлімі де, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да жоқ. Сондықтан, біз Елорданың мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізуді жөн көрдік. Енді нысанды қабылдау алды тексеріс жұмыстарына бірінші кезекте өрт сөндірушілер мен бақылау қызметі өкілдері қатысады. Кезінде құрылыс барысын жеңілдетеміз деп, бақылауды мүлдем қойдық. Іс жүзінде, қазір ешқандай бақылау жоқ. Енді келіп алып бірінен кейін бірі салынып жатқан құрылысқа шағымданамыз. Өйткені, ешкім әкімдікпен келісіп жатқан жоқ. Олар құрылысты бастап, нөлдік кезеңде 200 үлескерлер пайда болады, содан кейін біз үлескерлермен келісуге мәжбүр боламыз. Көп ұзамай регламенттеуші нормалар елорданың мәртебесі туралы заңға енгізіледі", - деді әкім.

Сонымен қатар, қала әкімі алдағы уақытта елордада бой көтеретін әлеуметтік нысандарға қатысты жоспарымен бөлісті.

"Біз 15 оқушылардың сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Әр ауданда бес нысан бой көтереді. Олардың бесеуі келесі жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар, 2024 жылға қарай Астанада 60-қа жуық балабақша салынады. Келесі жылы тағы 11 балабақшаның құрылысы басталады", - деді қала әкімі кәсіпкерлермен кездесуде.

Әрі қарай, ашық микрофон форматында елордалық кәсіпкерлер өзекті мәселелер туралы айтып, оларды шешу бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді. Мәселен, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының салалық кеңесінің мүшесі, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков инженерлік коммуникациялардың барлық түрі (жылу, электр, сумен жабдықтау және т.б.) бойынша қолда бар қуаттардың жеткіліксіздігін атап өтті. 

"Qazaq Stone" ЖШС директоры Дәурен Ағзымов "Жайлы мектеп" жобасын іске асыруға қатысу үшін отандық тауар өндірушілерді барынша тартуды сұрады. Өйткені, Астанада бірқатар құрылыс тауарлары, жиһаз, тас, бетон, электр жабдықтары, пластикалық терезелер, кабель, құбырлар және т.б. өндіріледі.

Сондай-ақ, жер қатынастарына, денсаулық сақтау мен білім беруге қатысты мәселелер айтылды. Мектептегі тамақтандыруды жеткізушілер бір реттік мектептегі тамақтану құнын 584 теңгеден 800 теңгеге дейін ұлғайту қажеттігін атап өтті.

"Бұл мәселе бұрынғы әкім Алтай Көлгіновпен бірнеше рет көтерілді. Сол кезде біз бұл сома шамамен 1 мың теңгені құрауы тиіс деген едік, бірақ ақыры сол сомаға жете алмай-ақ қойдық. Қарапайым дүниені талап етіп біраз табалдырықты тоздырдық, қашан осы мәселе шешімін табады? Мұндай бағамен сапалы тамақтануды талап ету мүмкін емес", - деді "Отандастар" ЖШС басшысы Анастасия Захаренко.

Жеңіс Қасымбек жақын арада әкімдік тарифті 700 теңгеге дейін арттыру үшін мәслихатқа құжаттар дайындап жатқанын хабарлады. Ол атап өткендей, келесі жылы соманы 800 теңгеге жеткізу үшін өсім кезең-кезеңімен жүргізіледі.

"Әрине, өскелең ұрпақтың дұрыс тамақтануы өзекті мәселе, алайда елордамызда басқа да проблемалар бар. Мысалы, мектептер салу, жылу мен суды қамтамасыз ету де маңызды, ал бюджет біреу, егер бар ақшаны осыған жұмсасақ, басқа кемшіліктер дайын тұрады. Сондықтан, сіздер де бізді түсініңіздер. Дегенмен, мен бір баланың тамағына кем дегенде 700 теңге бөлінетініне сөз беремін. Бізде бюджеттің жартысынан көбі екі басқармаға кетеді: білім басқармасы және денсаулық сақтау басқармасы. Ал қаланың дамуына, инфрақұрылымды жетілдіруге бюджет салынбаса, бізде салық төлеушілер болмайды, сонда кімнің есебінен балаларды тамақтандырамыз?" – деп қосты Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу