Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Елорданың оң жағалауын көркейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл қаланың оң жағалауының өзінде 130-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз. Олар: Сарыарқа, Байқоңыр және Алматы аудандары. Ал 50-ге жуық орында жұмыс аяқталды.
Мәселен Ақбұлақ өзенінің жағалауы (Амман көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейін) абаттандырылды. Ал көпірлердің астында Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының (Мұңайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейін) бірінші бөлігін аштық", деп жазды әкім.
Сондай-ақ, Есіл өзенінің жағасында Бейсеков көшесінен Көктал елді мекеніне қарай қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жоба екі кезекке бөлінген. Бірінші кезекті шілде айында аяқтаужоспарланған. Амфитеатр, спорт алаңдары, серуендеу орындары, ойын алаңқайлары және т.б. жабдықталады.
"Сонымен қатар орталық жағалаудың тарихи көшелерін көркейтеміз. Олар: Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр, Ә.Мәмбетов көшелері. Бұл жұмыс жаңа қоғамдық кеңістіктерді осыған дейін құрылған кеңістіктермен жалғауға мүмкіндік береді: демалыс күндері "Demalys Promenade" жаяу жүргіншілер көшесі, "Театральный" бульвары, қалалық алаң және т.б. Осылайша қоғамдық кеңістіктердің тұтас кластері құрылады.
Сол сияқты Ақан сері – Фахд бен Абдул Азиз (Агроқалашық елді мекені), Кенесары – Бейсекбаев, Кенесары – Егемен Қазақстан, Қордай – Н.Ахметбеков көшелерінің қиылысында, Абылай хан даңғылынан Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі жағалауда, К.Әзірбаев көшесі, 10, Храпатый көшесі және т.б. орындардағы қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.
Бұдан бөлек Бөгенбай батыр даңғылында Ш.Айманов көшесінен Ш.Уәлихановқа дейінгі 10 ауланы қамтитын шаршы алаңды абаттандыру белсенді жүріп жатыр. Сондай-ақ Құдайбердіұлы даңғылы, 5, 31, 36/3; Қошқарбаев даңғылы, 26, 39; Күйші Дина көшесі, 46/1, 46/3; Мүсірепов көшесі, 9 және т.б. бойынша жұмыс жүргізілуде.
Алматы ауданында барлығы 66 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады, Байқоңыр ауданында – 32, Сарыарқа ауданында – 30. Абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.