Сенбі күні Оқушылар сарайында "Үздік жас отбасы" байқауының финалы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Сайыстың іріктеу кезеңіне 70-тен аса отбасы қатысып, шешуші сынға тек 10-ы жолдама алған. Сөйтіп солардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандары бағалы сыйлықтарға ие болды.
Байқаудың қорытындысы бойынша Азат пен Әлия Жұмағұловтар үздік жас отбасы болып таңдалды, екінші орын Ерген мен Гауһар Кенжеғұловтарға, ал үшінші орын Бақтияр мен Шадияр Мұхамбетқалиевтерге бұйырды.
"Меніңше мұндай байқаулар отбасын біріктіре түседі. Біз жеңеміз деп күтпедік. Расын айтсақ, біз ең соңғы кезде қатысуға өтініш бердік. Өте қуаныштымыз. Байқаудың арқасында біз бір-бірімізді жақсы түсінетін болдық", - дейді жеңімпаз отбасы.
Үздік отбасы байқауының шешуші сынына қатысушылар – әртүрлі сала өкілдері. Бірі әскери қызметкер, дәрігер, енді бірі музыкант, кәсіпкер немесе спортшы. Финалға шыққандар қатарында "Астана" ФК бұрынғы тәлімгері Бахтияр Мұхамбетқалиев, "Ұлттық Ұлан" оркестрінің музыканты Айдос Қодығанов, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері Ерген Кенжеғұлов бар.