Елорданың жаңа көшелеріне кімдердің есімі беріледі?

625

Астана қалалық жетінші сайланым мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. 

Елорданың жаңа көшелеріне кімдердің есімі беріледі? Фото: inbusiness.kz

Елорда көшелеріне белгілі қоғам қайраткерлері мен тарихи тұлғалардың есімі беріледі, деп жазады inbusiness.kz.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің сөзінше, бұл мәселелер мәслихаттың көпшілік тыңдау отырысында және сессия отырысында жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ республикалық ономастикалық комиссиясы тарапынан да қолдау тапты.

"Бүгінгі ортаға салатын мәселелер – барлық деңгейде қолдау тауып келген ұсыныстар. Бірінші құжат Астана қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру туралы деп аталады. Қысқаша тоқталатын болсақ, А 23 жобалық көшеге Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері, майдангер жазушы, білікті журналист Әскен Нәбиевтің атын беру; А 24 жобалық көшеге Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовтың атын беру; Е 12 жобалық көшеге қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру; Е 20 жобалық көшеге әйгілі академик, энергетик ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шапық Шөкиннің есімін беру; Е 753 жобалық көшеге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы ғалым Санжар Асфендияровтың есімін беру ұсынылып отыр. № 187 жобалық көшеге балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру; № 189 жобалық көшеге қазақ даласынан шығып, Мысыр елінде 17 жыл мәмлүктерді басқарған Бейбарыс Сұлтанның есімін беру; № 23-16 жобалық көше мен Мағжан Жұмабаев даңғылын біріктіріп, Мағжан Жұмабаев даңғылы деп қайта атау; Мәншүк Мәметова көшесіне Іле өзені бойындағы ортағасырлық қаланың – Қарамерген деген атты ұсынып отырмыз. Бұқар жырау көшесінен, яғни ботаникалық бақтан "MEGA Silk Way"-ге дейінгі Сауран көшесіне жалғасқан қысқа бөлігін Гейдар Әлиевтің есімімен атау ұсынылады", - деді басқарма басшысы.

Сәкен Есіркеп екінші мәселе бойынша 3 ұсынысқа тоқталып өтті. Соның бірі – Әбу-Насыр әл-Фараби даңғылын сол жағалауға, яғни № 38 көшеге ауыстыру.

"Бұдан бөлек Е 583 жобалық көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімін беру ұсынылды. Бұл –  Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сонымен қатар Елордада БҰҰ-ның алаңын ашу туралы мәселе де бар. Бұл –  Сыртқы істер министрлігі тарапынан түскен ұсыныстардың бірі. Мұны да қолдауларыңызды сұраймыз. Үшіншісі – Астана қаласында жаңадан құрылып жатқан бесінші ауданға атау беру. Бұл атау бойынша бірнеше ұсыныстардың арасынан Нұра деген атауды алдарыңызға тағы да ұсынып отырмыз", - деді спикер.

Ол бүгінгі құжаттардың барлығы қолданыстағы ҚР заңнамасына сай екендігін атап өтті.

Елорда мәслихатында аталған мәселелер қолдау тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу