Испания Патшалығындағы ҚР Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Мадридтегі Халықаралық радиоға сұхбат берді. "Дипломатиялық әлем" бағдарламасындағы сұхбат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, сұхбат барысында Қазақстан Елшісі испандық радиотыңдармандарға тәуелсіздік жылдарындағы елдің ішкі және сыртқы саяси жетістіктері туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, Б.Дүйсенбаев еліміздің бәсекеге қабілетті экономикаға ие болғанын, халықаралық көлемдегі түрлі шараларды өткізгенін және Қазақстанның бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша жаһандық процесстерге қатысқанын баяндады.
Сонымен бірге, Елші ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы этникааралық және дінаралық келісімді сақтауға бағытталған сындарлы саясатын ерекше атап өтті және Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланғанын хабардар етті.
Сұхбат барысында Б.Дүйсенбаев Астанадағы ЭКСПО-2017 дайындық кезеңінің аяқталғанын айтты және патшалық құзырындағы азаматтарға арналған жеңілдетілген виза режимімен испандық туристерді көрмеге келуге шақырды.