Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов осы елдің сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Тәжікстан мен Қазақстанның екіжақты және көпжақты ықпалдастығының өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан елшісі әріптесіне елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға 2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде Астана қаласында өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының білім және технология жөніндегі бірінші саммитіне қатысу үшін шақыруын табыс етті. Эмомали Рахмонның жұмыс кестесі саммитке қатысуына мүмкіндік беретіндігіне үміт білдірді.
Бұдан кейін елші министрге елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа биылғы жолдауының мазмұнын таныстырды. Сұхбат соңында Қазақстан елшісі Сироджиддин Асловқа кездесу үшін алғысын білдіріп, Қазақстан-Тәжікстан қарым-қатынасын стратегиялық әріптестік рухында нығайту ісіндегі жемісті ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.