Елтаңба еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс – Қошанов

972

Бұл мәселеде жұртшылықпен қатар, кәсіби мамандардың ұсыныстары ескеріледі.  

Елтаңба еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс – Қошанов Фото: Informburo.kz

Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер бойынша Парламенттік тыңдалым өтеді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға бірқатар міндет жүктегенін жеткізді. Оның ішінде лудоманиямен күресу, есірткі саудасы, вандализм мәселелері бар.

"Археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы күтіп тұр. Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан Герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы Гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа Президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша Герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр. Бұл ретте жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет", - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Сөзінше, Герб – сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек.

"Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе. Әріптестер, Президент белгілеп берген бағыт-бағдар бәріңізге түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат, міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек", - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Айта кету керек, осыған дейін еліміздің Елтаңбасы өзгеруі мүмкін екенін жазған болатынбыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда "Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып жататынын" айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу