"Елтаңба мен туда үйлесімділік жоқ": Депутат елтаңбаны өзгерту керектігін айтты

472

Қазақстанның мелекеттік Елтаңбасын түгелдей өзгерту мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты "24kz" арнасына сілтеме жасап.

"Елтаңба мен туда үйлесімділік жоқ": Депутат елтаңбаны өзгерту керектігін айтты Фото: ult.kz

Көпшілік рәміздің жаңаруы қаншалық қажет екенін түсінбей дал. Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл мен "Екінші республика" қоғамдық қорының президенті Аян Төреқұлов рәміздің маңыздылығына тоқталды.

Парламент мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл Қазақстанның саяси ұлт болып қалыптасуы үшін жаңа Елтаңбаның қажет екенін айтты.

"Мемлекеттік рәміздеріміз бар, бірақ оған қатысты нормативтік тұрғыдан бекітілген (мынадай белгілер болу керек, олар осылай жасалу керек немесе мынадай принциптерге сай келу керек, тағы басқа) белгілі бір ережелер жоқ. Елтаңбаны әр ел өз салт-дәстүріне сүйене отырып жасайды. Тек өзінің геральдикалық принциптарына сүйенетін елдер де бар. Ал АҚШ секілді кейбір мемлекеттерде мүлдем елтаңба жоқ. Сондай-ақ елтаңбасын бекіткісі келген, бірақ бекіте алмаған Түркия секілді елдер де бар. Біз әзірге посткеңестік ұлтпыз, әлі жаңа саяси ұлт ретінде қалыптаса қоймадық. Ал жаңа Елтаңба біздің саяси ұлт болып қалыптасуымызға себеп болатын алғашқы қадам. Ал оның жаңаруына жұмсалатын мемлекет қаржысы туралы аталған маңызды мәселелерден кейін талқылану керек деп ойлаймын", – деп пікір білдірді мәжіліс депутаты.

Депутат Мемлекет басшысының "халық қолдаса Елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс жасағанын" атап өтті.

Осы тұста Астанада және Алматыда 500-ден астам қазақстандықтардың арасында Елтаңба туралы сауалнама жүргізген "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының өкілі "Жаңа Қазақстанды" құру үшін Елтаңбаны өзгерту керегін айтты.

"Елтаңбаны жаңарту деген бір суретті екінші суретпен ауыстыру деген сөз емес. Рәмізді өзгерту – бүкіл қазақстандықтардың және болашақ ұрпақтың ойын өзгерту. Жаңа Елтаңба әділетті әрі жаңа Қазақстанның символы болу керек. Елтаңба жай ғана рәміз емес. Ол – болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі басты идея", – дейді жас буын өкілі.

Алматы қаласы Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов та Қазақстанның жаңа Елтабаңға көшкенін қолдайтынын жеткізді.

"Елтаңбаны өзгерту мәселесіне қатысты қоғамда түрлі ойлар айтылып, пікірталастар болып жатыр. Елтаңба – мемлекеттік тумен қатар жүретін рәміз. Оның тарихи, мәдени мұра екенін ескере отырып, елтаңба мемлекетті, елдің, ұлттың бірегейлігін көрсетіп, болашақ ұрпаққа серпіліс беру керек. Елтаңбада мемлекеттің мәдени-тарихи мұра позициясындағы бірегейлігін көрсететін негізгі атрибуттар болуы керек", – өз ұсынысын айтты.

 

"Елтаңбаның негізгі қызметі – мемлекеттік биліктің көрінісі, бейнесі. Ту мен Елтаңба өзара үйлесім табуы керек. Мен қазіргі таңда ту мен елтаңбадан үйлесім көрмеймін. Мысалы, көшпенділердің туындағы негізгі белгі – бүркіт. Мемлекеттік туда бүркіт бейнеленген. Бірақ елтаңбада оның бейнесі жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, біз – Алтын Орданы мирасқорларымыз. Геральдика мамандары бүркіттің Алтын Орда елтаңбасында,ы негізгі белгі екенін біледі. Жаңа әрі әділетті Қазақстанды құруда елтаңбаның жаңаруы – тарихи қажеттілік", – деді "Екінші республика" қоғамдық қорының президенті Аян Төреқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу