Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Елтаңбасын ауыстыру жөнінде мәселе жақын арада қаралмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты vlast.kz басылымына сілтеме жасап.
– Мәселе күн тәртібінен шығарылды, - делінген мәдениет және ақпарат министрлігінің Елтаңбаның өзгеруін талқылау процесі туралы ресми өтінішіне берген жауабында.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Елтаңбаға қатысты сыни пікірлер айтылып жатқанын мәлім еткен болатын. “Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек” деген сол кезде президент.