Бұл мақалада Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібековтың өмір жолы, шығармашылығы мен туған жерге деген патриоттық сезімі туралы кеңінен жазамыз.
– Туған жердің төл перзенті ретінде жыл сайын Жандарбек ағамыз Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына келіп, елге сәлем беріп тұрады. Ауылдағы ағайынның аман-саулығын сұрап, жерлестерімін жылы жүздесіп, сырласып кетеді. Әр келген сапарында дидарласып, рухани дүние-танымымызды байытып қалуға тырысамыз. Елтаңбадағы әрбір белгінің тамырлы тарихымызды, ел бүгіні мен болашағын айқында тұратынын талай жаздық. Ұлттық мүдде мен салт-дәстүрімізді дәріптейтін рәміздің шығуы мен шын бейнесін ел азаматтары біледі. Алайда ағамыздың тұлғалық болмысына да тоқталып кетпеске болмайды. Елге келгенде, туған ауылы Екпіндіге арнайы барып, көптің тілеуіне тап боламыз. Аға буыны ақ батасын беріп, ізінен ерген інілері ізет көрсетіп тұрады, – дейді жаңақорғандық журналист Әлібек Жарықбаев.
Белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков – ұлттық символиканың қалыптасуына зор үлес қосқан тұлға. Ол Елтаңбаның әрбір элементіне терең мағына мен тарихи мазмұн енгізді.
Шаңырақ, уық, қанатты пырақтар мен жұлдыз секілді белгілер қазақ халқының дүниетанымын бейнелейді.
– Жандарбек Мәлібеков – бір рудың, бір елдің ұлы емес, ол дүниежүзіндегі қаны қазақ қандас бауырларға ортақ тұлға. Міне, қазақтың әрбір перзенті осындай болуы тиіс. Өйткені, қазақ елі кешегі небір алмағайып кезеңдерді бастан өткізіп, енді еңсе көтеріп келеді. Осы егемендігімізді қадір тұтып, елге адал қызмет ету парыз, міндет. Сондықтан жастарға өнеге көрсетіп, ісімен ғана емес, адами болмыс-бітім, азаматтығымен ортамызда жүрген Жандарбек Мәлібековке алғыс айтамыз, – дейді ауыл үлкендері.
Жалпы, Жандарбек Мәлібековтің шығармашылық жолы сәулет өнерімен ғана шектелмейді. Ол – көптеген маңызды жобаның авторы ретінде де танылған азамат. Елтаңбаны жасау барысында ұлттық болмыс пен заманауи көзқарасты ұштастыра білді. Оның еңбегі Қазақстанның мемлекеттік рәміздері тарихында ерекше маңызға ие. Бүгінде сәулетшінің өмірі мен шығармашылығы жастар үшін тағылымды үлгі саналады.
– Жандарбек ағамыздың тек Елтаңбада ғана қолтаңбасы қалған жоқ, ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосты. Бір ғана мысал, мешіттің салынуына ықпал еткен Жақаң болатын. Пойызбен ары-бері ауылдың тұсынан өтіп тұрғанда Алла үйін, ауылдағы ағайынның амандығын көріп тұрайын деген болатын. Міне туған жерге деген шынайы махаббат осы, осындай қасиет жастарға үлгі болары сөзсіз. Сондықтан дарын иесі ғана емес, азаматтықтың асыл бейнесін көрсеткен тұлға ретінде бізге бағдар беріп келеді, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбутәліп Шәймерденұлы.
Мемлекеттік рәміздер адамды патриоттыққа бастайды. Алып тұлғаның ауылына қарасуы азаматтығын білдірсе керек-ті.