Елжан Біртанов Алматы облысындағы мәселені үкімет отырысында ортаға салмақ

924

Министрдің пікірінше, егер жергілікті билік медициналық ұйымды қажетті коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ете алмаса, онда аурухананы жабуы керек.

Елжан Біртанов Алматы облысындағы мәселені үкімет отырысында ортаға салмақ

ҚР денсаулық сақтау министрлігінде министр Елжан Біртанов Алматы облысының Талғар аудандық орталық ауруханасындағы мәселелерді қозғады. Соңғы кезде аурухана туралы әлеуметтік желілерде жағымсыз ақпараттар тараған, сондай-ақ тұрғындардан көптеген өтініш түскен.

ТКҚҚБК Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, аталған медициналық мекемені 25-28 маусым аралығында тексерген, нәтижесінде  қауіпсіздік тәртібі мен санитарлық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталыпты. Осыған байланысты аурухананың бас дәрігеріне айыппұл салынып, ол жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, медициналық қызмет стандарттарын және дезинфекциялық режимді сақтамағаны үшін 7 медицина қызметкеріне де айыппұл түріндегі жаза қолданылғын.

Талғар ауруханасын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды.

"Аурухана неге мұндай жағдайға тап болды? Санитарлық нормалар мен ережеде  медициналық мекеме ыстық сумен қамтамасыз етілуге тиіс деп жазылған. Бұл мәселе 2011 жылдан бері шешілмеген, сонда сіз мұны 8 жыл бойы білмедіңіз бе? Осындай олқылықтың салдарынан ерте ме, кеш пе инфекция өршиді",  – деді  Елжан Біртанов Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысына.  

Ведомство басшысының пікірінше, егер жергілікті билік медициналық ұйымды қажетті коммуналдық қызметтермен, жабдықтармен қамтамасыз ете алмаса, онда аурухананы жабуы керек.

Сондай-ақ, Елжан Біртанов бұл өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші жоғары екенін, ол республикалық деңгейден де асып түскенін айтты. Сондықтан  министр бұл мәселені үкімет отырысында ортаға салатынын және басқарманың бірінші басшылары жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу