Елжан Біртанов менингиттен көз жұмғандар санын орташа көрсеткіш дейді

704

Елжан Біртанов менингиттен көз жұмғандар санын орташа көрсеткіш дейді

Елімізде менингококк инфекциясын жұқтырудан жыл басынан бері 12 адам көз жұмды. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.

"Бүгінде ауруға шалдығудың 58 жағдайы тіркелді, құрбан болғандар саны - 12. Ауру жұқтырғандардың 18-і - 14 жасқа дейінгі жеткіншектер, ал қаза болғандардың 5-і -  4 жасқа дейінгі балалар", - деді министр бүгін орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жыл басынан бері аталған инфекцияны жұқтыру күдігімен 80 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Оның 35 жағдайында инфекция жұққаны расталмады, ал 13-і әлі тексеріліп жатыр, дәрігер бақылауында.
"Алматыда 6 адам көз жұмды. Жалпы ел аумағы бойынша бүгінде 128 адам ауруханаға жатқызылған. 82 адам жазылып шықты, 34 адам емделіп жатыр. Оның ішінде 7 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр", - деді Біртанов.

Бүгінге дейін олармен тікелей қарым-қатынас жасаған 4 мыңнан астам адам тіркелген, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Бұл инфекцияны жұқтырудың ең көбі 2015 жылы тіркеліпті – 424 жағдай,  2016 жылы – 120, өткен жылы  – 162.

"2013 жылы 18 адам қайтыс болса, 2014 жылы -15, 2015 жылы – 21, 2016 жылы - 7, өткен жылы 11 адам құрбан болды. Бұл - адам өліміне әкелетін өте қауіпті ауру. Қазіргі уақытта ауру жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санымен алсақ, осы кезеңге орташа көрсеткіш болып саналады", - деді министр.

Министр екпе жасау туралы шешім инфекциялар бойынша ұлттық үйлестіру консультативтік комитетінің құзіретінде екенін айтты.

"Оның құрамына барлық инфекционистер мен эпидемиологтар кіреді. Олар вакциналау шарасын өткізуге қазір ерте деген шешімге келді", - деді Елжан Біртанов. 

Оның түсіндіруінше екпе егу мәселесі 100 мың адамға шаққанда аурудың 10 жағдайы тіркелген кезде көтеріледі екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу