Елжан Біртанов жас мамандарды әлеуметтік қолдауды заңмен бекітуді ұсынды

973

Оның айтуынша, бұл ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

Елжан Біртанов жас мамандарды әлеуметтік қолдауды заңмен бекітуді ұсынды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, еліміздегі дәрігерлердің жүктемесін төмендету мақсатында былтыр 1315 жалпы практика дәрігерлік учаскесі мен 79 педиатриялық учаске ашылған. Бұл ретте, 1 дәрігердің жүктемесі 1 989 адамды құраған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жалпы практика дәрігері жүктемесінің ең жоғары көрсеткіші Қостанай, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында байқалады", – деді Елжан Біртанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осылайша, жүктеменің жоспарланған деңгейіне жету үшін алғашқы медициналық көмек ұйымдарына қосымша 1 157 дәрігер қажет.

Сондықтан, министр облыстарға, әсіресе ауылдық елдімекендерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетудің және тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызы зор дейді.

Оның айтуынша, көтерме жәрдемақы ұсыну бойынша Алматы, Қостанай және Жамбыл облыстары дұрыс жұмыс жүргізбеуде.

"2019 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында оқыған 5 мыңнан астам түлектің 1 515-і жалпы практика дәрігері маманы болады. Бұл алғашқы медициналық көмек кадрларының тапшылығын түгелдей қамтуға жеткілікті", – дейді министр.

Жергілікті атқарушы органдар жас мамандарды тарту мақсатында барлық әлеуметтік қолдау шараларын жасауы қажет.

Ведомства басшысы атап өткендей, әлеуметтік қолдау шаралары ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалаларда да көрсетілуі керек. Ол үшін мұны заңнамамен бекіту қажет. Бұл сол жердегі кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

"Сондай-ақ, жас мамандарға өз оқуын жеке меншік медициналық ұйымдарда жұмыспен өтеуге мүмкіндік беру қажет. Бұл алғашқы медициналық көмекті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы дамытуға жол ашады", – дейді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу