Франция президенті Эммануэль Макрон сәрсенбі күні ел халқына әлемдегі ахуалға байланысты үндеу арнады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Макрон тікелей эфирде Украинадағы соғыс пен Еуропаның қорғанысы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Киевке қолдау көрсетуді жалғастырып, еуропалық әскери әлеуетті нығайту қажет.
"Ресей Франция мен Еуропа үшін қауіп-қатерге айналды", – деді ол.
Франция басшысы АҚШ пен Еуропа арасындағы қазіргі саяси жағдайға да баға берді.
"Біздің одақтасымыз АҚШ осы соғысқа қатысты өз ұстанымын өзгертіп, Украинаға қолдау көрсетуін азайтты. Болашақта не болатыны белгісіз", – деп атап өтті Эммануэль Макрон.
Сөзінше, Еуропа жаңа дәуірге қадам басып жатыр.
"АҚШ біздің жағымызда қалатынына сенгім келеді, бірақ біз түрлі жағдайға дайын болуымыз керек", – деп атап өтті Француз президенті.
Бейсенбі күні Еуропа көшбасшылары қорғаныс және Украина мәселесін талқылау үшін Брюссельде шұғыл саммитте бас қосады.