Емтихандардың бәрі электрондық форматта өтеді – Асхат Аймағамбетов

1069

Білім және ғылым министрі барлық іріктеу іс-шараларының форматы өзгеретінін хабарлады.

Емтихандардың бәрі электрондық форматта өтеді – Асхат Аймағамбетов

Министрдің түсіндіруінше, бұл өзгеріс ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуде маңызды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Біріншіден, оқушылардың пәндік Олимпиадасы. Біз биыл ақпан айында алғаш рет оқушылар арасында республикалық олимпиаданы электрондық форматта өткіздік. Әр қатысушыға жеке компьютер берілді, әр оқушының іс-әрекетін бейнекамера бақылап отырды. Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер барлық процесті қадағалай алып, прокторинг жүйесі де қолданылды. Әлеуметтік желілерде және арнайы порталда ашық трансляция жүргізілді. Бұған қоса, біз биыл олимпиада тапсырмаларын тексеру жүйесін де өзгерттік. Бұрын қазылар алқасы мүшелеріне балалардың жұмыстары пропорционалды түрде берілсе, енді бағалау кезінде субъективизмді төмендету үшін қазылар алқасының әр мүшесі бір ғана тапсырманы көріп, бағалай алды. Келесі жылдары да олипиаданың облыстық және республикалық кезеңдері тек қана осындай форматта өтетін болады",– деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министр сондай-ақ, докторантураға түсуге тоқталды.

"Биыл докторантураға түсу емтихандары да ҰБТ-ға қойылған талаптар негізінде және Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пунктерде өтеді. Бұл бізге "ректорлар тізімі" деген алып-қашпа сөзді және осындай тәуекелдерді ұмытып, докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын",– дейді министр.

Тестілеуден өзге үміткерлер эссе және басқа да тапсырмаларды да компьютермен бейнекамералардың алдында отырып жазады.

"Үшіншіден, магистратураға түсу. Өткен жылы біз магистратураға түсушілердің емтихандарын пилоттық режимде электрондық форматта қабылдадық. Оқуға түскен азаматтар емтиханның расында әділ түрде өткенін айтып жатыр. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Бұдан былай магистратураның емтихандары осы форматта өтеді",– дейді магистратураға түсуге қатысты ведомство басшысы.

Министр қызметке алға келген кезінде педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеу қағаз форматынан электрондық форматқа көшірілгенін еске салды. Бұл жүйенің сыбайлас жемқорлық пен көшіріп алу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

"Бұл бағыттағы жұмыстың әлі де жетілдірілетін тұстары бар екенін білеміз. Осылайша, олимпиадаларды, ҰБТ-ны ұйымдастырудан бастап магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процесті электрондық форматқа көшірдік. Осындай жаңашылдықтар арқылы әділдік пен ашықтыққа бағытталған бастамаларымызды жүзеге асырып жатырмыз. Ашықтықты және нақты бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, білім беру жүйесіне деген сенімді де арттырамыз. Әділдік, ашықтық, академиялық адалдық - бұл біздің жұмысымыздағы негізгі қағидаттар",– дейді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу