Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысындағы департаменті медициналық масканың бағасы 15 теңгеге дейін түсірілгенін айтып, хабар таратып жатыр.
"20 қаңтарда "Семейное здоровье" дәріхана желісімен монополияға қарсы комплаенс жасалды. Мәміле ашық сауда-өткізу саясатын көздейді. Бұған дейін бір медициналық масканың құны 150 теңгеге дейін жеткен болатын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі республикалық деңгейде қабылдаған шаралардан кейін маскалардың құны орташа есеппен 20-25 теңгеге дейін төмендетілді.
Атырау облысында маскалар өндірісінің болуы және аталған дәріхананың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсете отырып, маскаларды көтерме бағамен сату туралы шешімі бағаның кезекті төмендеуіне ықпал етті", - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
Есжан Ботақара