Ең арзан жалдамалы пәтер жұмыс орны аз, табыс көзі төмен аймақтарда

2527

Ең арзан жалдамалы пәтер жұмыс орны аз, табыс көзі төмен аймақтарда

Статистика осылай дейді. Сарапшылардың пайымынша, еліміздегі ең арзан пәтерді Тараздан табуға болады. Бір бөлмелі пәтерді бір айға орташа жалдау құны мұнда шамамен 28 мың теңге. Ал ең қымбаты – Астанада. Елордада бір бөлмелі үйді бір айлық жалдау ақысы 80 мың теңгеге жуық, деп хабарлайды ktk.kz.

Жалдамалы пәтер іздейтіндер қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Тұрғын үй нарығына жасалған сараптамалар нәтижелеріне қарасақ, уақытша пана іздейтіндердің шамамен екіден бірі бір бөлмелі пәтер жалдауға құмар. Олардың нарықтағы үлесі шамамен 45 пайыз. Қалтасының мүмкіндігіне қарайлайтын халықтың тағы бір бөлігі, яғни, 40 пайызы 2 бөлмелі пәтер қалайды.

Пәтер іздеушілердің басым бөлігі орташа баға көрсеткішінен төмен ақшаға жалдағысы келеді екен. 

"Алматыда бір бөлмелі пәтерді негізінен 60-70 мың теңге шамасында іздейді. Бірақ,орташа бағасы бұдан да жоғары. Мәселен, қала орталығынан мұндай ақшаға пәтер табу тіпті қиын. Астанада да оңай емес. Өйткені, ол жақта көбіне жаңадан салынған үйлер жалға беріледі. Үй де, ішіндегі жиһазы да жаңа болған соң, бағасы да жоғары болады", - дейді Krisha.kz сайтының шолушысы Алина Буравцева.

Баға жөніне келгенде, еліміздегі ең арзан жалдамалы пәтерлер жұмыс орны аз, табыс көзі төмен аймақтарда дейді сарапшылар.

Нақтырақ айтсақ, бір бөлмелі пәтерді небәрі 28 мың теңгеге тек Таразда ғана табуға болады. Бұл – бағаның орташа көрсеткіші. Арзан қалалар қатарына Қызылорда мен Павлодар да кіреді. Былайша айқанда, республикалық маңызы бар мегаполистерден екі-үш есе арзан. Өйткені бір бөлмелі пәтердің бас қаламыздағы орташа бағасы 80 мыңның айналасында. Алматыда да одан кем түспейді.

Статистика комитеті осы жалдамалы пәтер бағасының соңғы 5 жылда республика көлемінде айтарлықтай өскенін айтады. 

"2016 жылдар аралығындағы кезеңінде республика бойынша орта есеппен абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 44,7%-ға өсті. Абаттандырылмаған тұрғын үйді жалға алу төлемі тиісінше 52,7%-ға жоғары болды", -  ҚР ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің сарапшысы Қуанышбек Жақыпбекұлы.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, ел көлемінде биылдыққа пәтерді жалға алу құны 1 пайызға көтеріліпті.

Соның ішінде жыл басынан бері ең арзан саналатын Таразда 7 пайызға қымбаттаған. Тек Алматы мен Көкшетауда ғана аздап түскені болмаса, тұрғын үйді жалға алу нарығында бағаның аса бір төмендеуі байқалмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу