Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті жұмыртқа бағасы аймаққа байланысты әртүрлі болатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өнім бағасы көптеген факторға, оның ішінде үй маңындағы дүкендерге жеткізілетін ұсақ көтерме саудагерлер мен құс фабрикаларынан нарықтарға жасалатын ірі көтерме жеткізілімдерге байланысты болады. Ірі сауда желілері өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасайды", – делінген комитет таратқан хабарламада.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, С1 санатындағы жұмыртқа бағасы соңғы аптада 0,1%-ға қымбаттады. Қазір бұл жұмыртқаның орташа бағасы сауда сөрелерінде 540 теңгені құрайды.
Жұмыртқа бағасы аймаққа байланысты әртүрлі болады. Елордада С1 санатындағы жұмыртқаның орташа бағасы 609 теңге болса, ең төменгі баға Петропавлда тіркеліп отыр (462 теңге).
Өзге өңірлердегі орташа бағаға келсек, Алматыда – 600 теңге, Шымкентте – 530 теңге, Ақтауда – 569 теңге, Өскеменде – 584 теңге.
Сауда комитеті 2024 жылы жұмыртқа бағасының негізсіз өсуін болдырмау үшін жұмыртқа өндірушілерінің қауымдастығы және құс өсірушілер одағымен меморандумға қол қойылғанын еске салды.