Әлемдегі ең ірі AMC Entertainment кинотеатрлар желісінің операторы билеттерді биткоинге сатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz Deadline сайтына сілтеме жасап.
Төлемнің жаңа нұсқасы осы жылдың соңына дейін енгізіледі. Билетті онлайн жүйе арқылы тек АҚШ-та сатып алуға болады. Осы орайда AMC өзінің барлық кинотеатрларын сандық активтерді қабылдау үшін қажетті технологиялармен жабдықтамақ.
Ескере кететін жайт, компанияның АҚШ пен Еуропада мыңдаған кинотеатры бар. AMC басшылығының ойынша, төлемді биткоиндер арқылы жүзеге асыру ойын-сауық индустриясы үшін қиын кезеңде, яғни пандемия уақытында сатылымды арттыруға көмектеспек.
Бұған дейін Майами MiamiCoin деп аталатын өзінің қалалық криптовалютасын шығарады деп хабарланған еді. Бұл шешім Майами бюджетін молайтуға мүмкіндік береді. Токен сатып алу арқылы биткоинді сыйақы ретінде алуға болады. Жиналған қаражат қаладағы инфрақұрылымдық жобалар мен іс-шараларды қаржыландыруға жұмсалады.
Табиғат Нұрболат