Ең көп берілетін анықтамалардың бестігі анықталды

1494

2019 жылдың алғашқы сегіз айында қазақстандықтар ХҚО-дан 4,5 млн мекенжай анықтамасын алған.

Ең көп берілетін анықтамалардың бестігі анықталды

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында ХҚКО арқылы ең көп берілетін анықтамалардың бес түрін жариялады. Бұл бестікке мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары туралы, БЖЗҚ салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат және соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтамалар енген.

Әсемгүл Балташеваның айтуынша, "анықтамалар рейтингі" арнайы жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған. Сараптама барысында биылғы жылдың 8 айында қазақстандықтар ХҚО-дан 4,5 млн мекенжай анықтамасын, жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқтығы туралы миллионға жуық анықтама және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары туралы 700-мыңнан астам анықтаманы сұратқаны анықталған.
"Бұл электрондық үкімет порталы және телеграмм арқылы өз бетінше алынған анықтамаларды есепке алмағандағы, қазақстандықтардың ХҚО-ға келіп алған анықтамаларының көрсеткіші", – деді Әсемгүл Балташева.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мекенжай туралы анықтаманы алып тастау туралы бастама көтерді.

Нәтижесінде, 1 қарашадан бастап Қазақстанда мекенжай анықтамасын беру мемлекеттік қызмет ретінде қысқартылады. Енді азаматтар өзінің тіркелген жерін тек egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тексере алады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу