Ең қымбат сусын қай өңірде сатылатыны белгілі болды

571

Елімізде жаз маусымында сусындар бағасы 16 пайызға өскен.  

Ең қымбат сусын қай өңірде сатылатыны белгілі болды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда минералды су мен алкогольсіз сусын өндірісі артып келеді. Өндіріс көлемінің ұлғаюына қарамастан, жаз айларында бұл өнімдердің бағасы айтарлықтай өсіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында елімізде 1,7 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндіріліп, жыл ішінде саладағы өндіріс көлемі 18,9%-ға артқан.

Осы кезеңде минералды және газдалған, қантсыз ауыз судың өндірісі 320,8 млн литрге жетіп, 6,3%-ға артты. Ал алкогольсіз сусындардың басқа түрлерінен 1,4 млрд литр өндіріліп, олардың көлемі бір жылда 22,2%-ға көбейген.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда:

  • ауыз су – 16,9%-ға;
  • салқындатқыш сусындар – 15,6%-ға;
  • басқа алкогольсіз сусындар – 16%-ға қымбаттаған.

Бағаның қымбаттауы Павлодар облысында байқалып отыр. Бұл өңірде ауыз су 29%-ға, салқындатқыш сусындар 46,6%-ға, ал басқа алкогольсіз сусындар 46,7%-ға қымбаттаған.

Ал Жамбыл облысында, Шымкент пен Алматы қалаларында баға баяу өсім көрсеткен.

Өнімдердің ішінде энергетикалық сусындар ең көп қымбаттаған болып шықты. Бір жыл ішінде олардың бағасы 19,6%-ға артқан. Сондай-ақ минералды су 17,7%-ға, газдалған сусындар 16,3%, ауыз су 15%, ал газдалмаған сусындар 12,5%-ға қымбаттаған.

Жаз маусымында елде азық-түлік бағасы төмендегенімен, қант бағасы қымбаттаған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қант бағасының өсуін тұрғындардың компот, тосап және басқа да қысқы азық-түлік қорын дайындайтын кезеңімен байланыстырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу