Ішкі істер министрлігі "Полиция.kz-2016" Ханымы" жыл сайынғы фотобайқауының қорытындысын шығарды. Астана қаласы ІІД ЖБО-ның бейнебақылау инспектор-кезекшісі Сәбина Чикаева жеңімпаз атанды деп, хабарлайды Today.kz. Байқауға барлығы 12 полиция қызметкері қатысты.
Халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бойжеткенді марапаттады.
Белгілі болғандай, Сәбина Чикаева ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітірді. Бойжеткен салауатты өмір салтын ұстанып, жасөспірімдер арасында баскетболдан дәрежесі бар. Қазір волейбол және жүзу спортымен айналысады. Әріптестерінің айтуынша, байқаудың жеңімпазы ұқыпты, тәртіпті және жауапты адам.
ҚР ішкі істер органдарында "Полиция.kz" Ханымы" фотобайқауы 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауға ішкі істер органдарының аттестатталған, өзін жағымды жағынан көрсетіп, қызметте үлгілі бола білген қызметкерлер ғана қатыса алады. Олардың суреттері ҚР ІІМ "Полиция.kz" ведомстволық журналында ай сайын жарияланып тұрады.