2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 16%-ға артады. Бұл қадам ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты жіктелетін әлеуметтік төлемнің өсуіне ықпал етеді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Астанада орталық мемлекеттік органдар, Кәсіподақтар федерациясы, "Атамекен" КҰП, "Қазақ тағамтану академиясы" ЖШС, "Ардагер" ҚБ және салалық кәсіподақтар өкілдері мен басқа да тараптардың қатысуымен, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеудің әдісін жетілдіру жолын талқылау жөнінде дөңгелек үстел өтті.
Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Қазақ тағамтану академиясы жүргізген зерттеудің қорытындысы жөнінде халықтың нақты тұтыну шығынының құрамын ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымын, оның азық-түлік емес бөлігінің үлесін 40%-дан 45%-ға арттыру арқылы қайта қарау ұсынылғанын айтты.
"Сонымен 2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 16%-ға артады. Бұл қадам ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты жіктелетін әлеуметтік төлемнің көтерілуіне ықпал етеді", – дейді Светлана Жақыпова.
Вице-министр осы мақсатта 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетте қосымша қаржы қарастырылғанын жеткізді.