"Ең үлгілі ауыл" - осындай атаумен Маңғыстау облысында бас жүлдеге 10 млн теңге тігілген байқау жарияланды. Шара "Туған жер" республикалық бағдарламасы аясында жүргізіліп отыр. Жергілікті басылым tumba.kz сайтының хабарлауынша, арнайы құрылған комиссия 3 ай ішінде үміткер ауылдарды аралап, тексеру жүргізіп шығады. "Ең үздік" атануы үшін елді-мекеннің барлық жетістіктері сарапқа алынуы тиіс. Әлеуметтік нысандардың сапасы, абаттандыру жұмысы, халық саны, тіпті ауыл азаматтарының туған жерлеріне қосқан үлесі мен көмегі де есепке ілінеді. Байқауға облыс аумағына қарасты 5 ауданнан 51 ауыл қатысады. Бас жүлде 10 млн теңгеден бөлек, екінші орынға ауылға 7,5 млн, ал үшіншіге – 5 млн теңге беріледі. Сондай-ақ, 2 млн теңге көлемінде ынталандыру сыйы бар. Қаржы толықтай ауылдың экономикалық ахуалына жұмсалуы тиіс.