Ең үздік бүркітшілер анықталды

579

Атырау облысы, Жаңаталап ауылында еліміздің төл спорты құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.  

Ең үздік бүркітшілер анықталды Фото: gov.kz

Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Құсбегілік ұлттық спорты - қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы. Ата дәстүрді дәріптеп, сан ғасырдан бері әдет-ғұрыпқа сіңісті болған дара өнерді бұқаралық спортқа айналдыру үшін елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде чемпионат өтеді.

Биыл жарысқа еліміздің 14 облысынан 50-ге жуық спортшы қатысып, чемпионаттың регламенті бойынша 31 бүркіт, 11 қаршыға, 10 ителгі бәсекеге түсті. Бірнеше күнге созылған бәйгенің қорытынды нәтижелерін ұсынамыз.

Сонымен ересектер арасында "Құсбегілік" ұлттық спорт түрінен бүркітшілер сайысы бойынша "Қарашолақ" құсын баптаған Күнтуған Арманбек жеңімпаз атанды, ал қаршығаны қолға шақырудан Түркістан облысының өкілі Аршабай Дәурен бас жүлдені иеленді. Соңғы сайыс ителгі салудан Ақмола облысынан келген Кенжетаев Ерланға тең келер құсбегі болған жоқ.

Осылайша, командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде қанжығылап, көш бастады.

"Чемпионаттың алғашқы күні "Қолға қондыру" сайысының қорытындысы бойынша 18 бүркіт келесі айналымға өткен болатын. Қатысушылардың айтуынша, құстардың көрсеткен нәтижелеріне ауа-райы да қатты әсер етті. Айта кетерлігі, чемпионаттың ережесіне сәйкес тікелей иесінің қолына қонған бүркіт қана ең жоғарғы 10 ұпайды еншілейді. Осы ретте ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, қазылар алқасының шешімі бойынша 9 ұпайды еншілеген қатысушылар да келесі айналымға өтті. Ал "Шырғаға салу" сайысында 18 бүркіт екінші кезеңге өтті", - делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу