Ең үздік сержанттар анықталды

527

Жамбыл облысындағы "Айша бибі" полигонында үздік сержанттарды анықтайтын дәстүрлі жарыс өтті.  

Ең үздік сержанттар анықталды Фото: gov.kz

Сайысқа Қарулы күштердің барлық түрлерінен, әскер тектерінен және өңірлік қолбасшылықтарынан 90-нан астам сержант қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жарыс түрінде өткен шара сержанттар құрамының дайындық деңгейін тексеруге арналған. Қатысушылар басшылық құжаттарды білуге сынақтар тапсырып, дене шынықтыру дайындығынан нормативтерді орындады, қоян-қолтық ұрыс техникасын қалай меңгергендерін де көрсетті, кедергілер мен атыс шебі бар екі шақырымдық жолақтан жүріп өтті. Сондай-ақ шығармашылық тапсырмалар да болды.

"Жарысқа түрлі бағдарламалар енгіздік. Ондағы мақсатымыз – жауынгерлік дайындық үдерісін ұйымдастыра алатын ең сауатты, қабілетті және жан-жақты дайындалған сержанттарды анықтау. Мықты деп танылғандардың басқаларға үлгі боларлықтай, нормативтерді үздік орындайтын, көшбасшылық және шешендік қабілеттері болуы тиіс", –деді Қарулы күштердің бас сержанты Темірбек Халықов.

 

Сайыстың нәтижелері бойынша теңіз жаяу әскерлері құрамасындағы зениттік дивизионның сержанты 3-сыныпты сержант Ермек Зайлағи абсолютті жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, "бригада сержанты", "батальон сержанты", "рота сержанты", "взвод сержанты", "штабтың құрам сержанты", "бөлімше командирі" және "маман-сержант" санаттарындағы үздік әскери қызметшілер анықталды. Әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар ішінде десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері барынша дайындалып, кәсіби шеберліктерін көрсетті, екінші орынды "Астана" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері еншіледі. Үшінші орынды "Батыс" өңірлік қолбасшылығы иеленді.

Жарыстардың қорытындысы бойынша, үздік сержанттар жоғары лауазымдарға ұсынылатын кандидаттар қатарына енгізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу