Атырауда "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының мəнін айшықтайтын ең үздік жарнамалық билборд жобасына байқау жарияланды, деп хабарлайды atpress.kz.
Байқауға еліміздің кез келген тұрғыны қатыса алады. Ол үшін графикалық дизайн дағдыларын меңгеру жеткілікті, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі. Яғни, билборд жобасында қазақ халқының мəдени мұрасына үлес қосқан жергілікті танымал тұлғалар, тарихи ескерткіштер, жалпы мұнайлы өңірдің ерекшеліктері көрініс табуы қажет. Сонымен қатар, автор аймақ болашағы туралы өз ойын жеткізе білуі шарт.
Жұмыстар 21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында қабылданады. Жобалар ruhaniatyrau@gmail.com электронды поштасы арқылы қабылданады және барлық жұмыстар atyraueli.kz сайтында жарияланып отыратын болады. Ал, жүлдегерлер халықтың ғаламтордағы дауыс беруі арқылы анықталмақ.
Бірінші орын алған жобаға 200 мың теңге тігілген. Тиісінше, екінші орынға 100 мың, үшіншіге 50 мың теңге сыйақы беріледі.
Айта кетейік, байқау тәмамдалған соң, авторы көрсетілген ең үздік жобалар Атырау қаласындағы билбордтарға қойылады.