Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр өңірдердің экономикалық өсіміне де тоқталып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектеновтың сөзінше, төмен динамика көрсеткен облыстардың саны аз емес.
– Өңірлер бөлінісінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты, – деді ол.
Бұдан дейін 2024 жылы экономика 4,8 пайызға өскені хабарланған еді. Айта кетейік, ауыл шаруашылығында – 13,7 пайыз, құрылыста – 13,1, саудада – 9,1, көлік саласында 8,5 пайыз деңгейінде өсімге қол жеткізілген. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9 пайызға ұлғайса, аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелген.