Еңбек адамы: Қарапайым дәнекерлеушіден бригадирге дейін жетті

326

Жұмысшы мамандығы әрқашан мақтауға лайық. Себебі, маңдай терін төгіп, қиындаққа мойымайтын, еңбек ететіндер ғана жетістікке жетеді.

Еңбек адамы: Қарапайым дәнекерлеушіден бригадирге дейін жетті Фото: Inbusiness.kz

Осындай құрметті азаматтардың бірі - Александр Макаров. Ол 17 жылдан бері Қарағанды құю-машина жасау зауытында жұмыс жасап келеді. Еңбек жолын қарапайым дәнекерлеушіден,  бригадирге дейін көтерліген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Александр Макаров үшін, жұмыс - үйі, ал ұжымы отбасына айналған. Осыдан он жеті жыл бұрын Александр Қарағанды құю-машина жасау зауытына колледжді бітірген, жас маман болып орналасқан еді. Алғашқыда тәжірибесі аз бозбала дәнекерлеуші болып жұмысқа қабылданыпты. Ерен еңбегінің арқасында бригадирлік қызметке дейін көтерілген. Бүгінде әріптестері арасында құрметке бөленген жан.

"Мен бұл зауытқа дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрдым. Жылдар өткен соң, тәжірибе жинап, оқу оқыдым. Қарапайым жұмысшы екенімді мақтанамын. Себебі, бұл мамандық Қазақстанға керек. Маған бұл зауытта жұмыс істеу ұнайды. Ұжымым да тамаша. Менімен 30 адам жұмыс істейді. Бір бірімізге барынша қолдау, көмек көрсетуден жалықпаймыз", - дейді Қарағанды құю-машина жасау зауытының бригадирі Александр Макаров.

Дәнекерлеуші мамандығына Александр саналы түрде таңдау жасаған. Себебі ол қарапайым жұмысшылар жанұясында өскен. Мерейлі отбасы мүшелері үшін жұмысшы болу – мақтаныш. Сондықтан Александр Макаров ұлдары да әке жолын қуса екен деп армандайды. Себебі, атадан әкеге, әкеден балаға жалғасып келе жатқан еңбек жолы үзілмесе дейді.

"Мен басқа салада жұмыс жасауды елестете алмаймын. Себебі, бұл зауытқа әбден үйреніп қалдым. Оны ешқандай жерге айырбастағым да келмейді. Бұл жер менің отбасым десем қателеспеймін. Ұжымым жақсы. Әріптестеріммен тіпті туыстай болып кеткенбіз. Бір –бірімізге қонаққа да барып тұрамыз", - дейді Қарағанды құю-машина жасау зауытының бригадирі Александр Макаров.

"Александр өте білікті, тәжірибелі жұмысшы. Ол әрқашан қолда бар көмегін аянбайды. Тіпті, кеңесін де беріп отырады. Сондай-ақ ол өте көңілді, жанашыр, мейірімді адам. Мен оны бұрыннан білемін, ол өндірісте ұзақ уақыт жұмыс істейді", - дейді Александр Макаровтың әріптесі Денис Федоров.

Александр Макаровтың айтуынша, он жеті жыл ішінде зауыт орасан зор өгерістерді басынан өткерді. Оның ішінде өндіріс  қауіпсіздік шараларына көп көңіл бөлініп келеді. Александр зауыттың ұжымы өз ісін сүйетін,  үлкен құрметке ие еңбек адамдары деп есептейді. Өйткені, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еңбек адамы қашанда абыройлы болу керек. Мұндай адамдар елге сыйлы азаматтарға айналуы қажет. Ал Александр Макаров соның жарқын бейнесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу