Олар өз еңбегін мақтан тұтып, оны ең қадірлі әрі ең үздік деп біледі. Қазақстанда еңбек адамына құрмет әрқашан жоғары. Себебі олар мемлекеттің басты капиталы болып саналады. 2025 жыл республикамызда "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланған болатын. Бұл бастама елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың беделін арттыруға бағытталды. Бұл бір реттік шара емес екенін айта кеткен жөн. Себебі бұл бағыттағы жұмыстар өзінің жалғасын тауып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еңбек адамы – ел дамуының тірегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жетістіктің бастауында адал еңбек пен іскерлік тұрғанын атап өткен болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасындағы 3,3 миллион адам жұмысшы мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Бұл еңбек адамының қоғамдағы орнының айрықша екенін білдірсе керек. Содан да болар мемлекетте "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидаты басымдыққа ие.
Былтыр жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл бір реттік шара емес, еңбек культін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр деуге толық негіз бар. Мәселен, мемлекеттік наградалар жүйесі тағы 9 құрметті атақпен толыққан болатын. Бұл ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, архитекторлар мен құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік, су және аграрлық сала қызметкерлеріне арналған. Сонымен қатар республикада Еңбек күні де аталып өтеді.
"Мен еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, әрдайым кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз. Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Кәсібіне адал, еселі еңбегімен қоғам дамуына өз үлесін қосып жүрген мамандардың бірі – Яна Науменко. Ол Дөң тау-кен байыту комбинатының №1 ұсатып-байыту фабрикасында ауысым шебері болып жұмыс істейді.
"Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түстім. 2012 жылы оқу орнын техник-технолог мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтадым. Студент кезімде тау-кен байыту комбинатында тәжірибелік оқытудан өттім. Диплом қорғағаннан кейін бірден фабрикаға жұмысқа тұрдым. Бастапқыда сепараторшы болып еңбек еттім, кейін ауысым бригадирі болдым. 2024 жылдан бастап ауысым шебері болып жұмыс істеймін. Мен фабрикадағы жалғыз әйел шебермін, қалғаны – ер азаматтар", – деді спикер.
Ол күн сайын ауысымды қабылдау, наряд тапсырмаларын беру, қызметкерлер мен техниканы учаскеде бөлу, технологиялық процесті бақылау, шығарылатын өнімнің сапасын қадағалау, техниканы тиеуді бақылау сияқты қызметтерді атқарады. Яна Науменко жұмыста әріптестермен дұрыс коммуникация орнату аса маңызды екенін айтады.
"Мен үшін еңбек адамы – өз ісін шын жүректен жақсы көретін адам. Бұл еңбек әр салада сөзсіз өз жемісін береді. Ал өндірістегі еңбек адамы үлкен, үйлесімді организмнің бір бөлігі іспеттес. Мұнда жеке шеберлік цех немесе зауыттың жалпы ырғағына үйлеседі. Мұнда әр адам оның жұмыс сапасына бүкіл істің нәтижесі мен әріптесінің қауіпсіздігі байланысты екенін түсінеді", – деп атап өтті Яна Науменко.
Еліміздің өркендеп, дамуы – бірінші кезекте жұмысшы мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Таңнан кешке дейін тыным таппай жұмыс істейтін жандар кез келген құрмет пен мадаққа лайық. Еңбек адамдары экономиканың ілгерілеуіне ғана емес, өскелең ұрпаққа өнеге бола алады.