Астанадағы автобус апатына қатысты еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еңбек тәуекелдері бойынша республикада арнайы скоринг моделі бар. Қазіргі күнде 95 мың мекеме бар. Еңбек тәуекелдерінде 27 параметр қарастырылады. Автобус парктері – жоғары еңбек тәуекелдеріне жататын мекемелердің бірі. Қоғамдық көлікте адамдарды тасу мәселесі қауіпті еңбек жағдайына жатады. Соңғы жылдары жүргізушілерді таңдау мәселесі қатаңдатылды", – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Сөзінше, Астана қалалық еңбек инспекциясының мониторингінде әрбір автобус паркі бақылауда тұр.
"Соңғы жылдары автобус паркінде жалақы беру мәселесінде ұсыныстар болғанын, жұмыс уақытына қатысты шағымдар болғанын айта аламыз. Қазіргі таңда осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде еңбек инспекциясы да айналысып отыр", – деді комитет төрағасы.
Тілшілер "Автобус жүргізушісі түнге дейін жұмыс істейді. Осындай жағдайларда еңбек құқықтары бұзылып жатқан жоқ па?" деп нақтылады.
"Ауысым бойынша жұмыс істеу режимі енгізілген. Дейтұрғанмен, жүргізушілер қосымша табыс табу немесе өзінің табысын арттыру үшін сондай режимге қосымша жұмыс істеуге келісіп жатады. Ондай да оқиғалар бар", – деді Ерболат Әбілхатин.