Еңбек инспекторінің ұйғарымы сот орындаушысының бұйрығымен теңестірілді

1026

Елімізде жұмыс берушілердің еңбеккерлер алдындағы қарызы 724 млн теңгені құрап отыр. Осыған байланысты еңбек инспекторларының ұйғарымына ерекше мәртебе берілген. 

Еңбек инспекторінің ұйғарымы сот орындаушысының бұйрығымен теңестірілді Фото: inform.kz

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қарапайым еңбек адамдарының құқын қорғау мәселесі талқыланып, Үкімет басшысы барлық еңбек талабын ерекше назарда ұстауды талап етті. 

Баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, бүгінде еліміздегі 324 мың жұмыс істеп тұрған кәсіпорында 6 млн 650 мыңнан астам адам еңбек етеді.  Олардың жалақысы былтырғымен салыстырғанда 6,9 процентке өскен. Ресми статистикаға сүйенсек, дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индексінің қорытындысы бойынша еңбек нарығының тиімділігі рейтингісінде Қазақстан 30-ыншы орыннан 25-ші орынға көтерілген.

Қолға алынған шараларға қарамастан, жұмыс берушілердің жалақы қарызы 724 млн теңгені құрап отыр. Еңбекақы қарызы көптігі жағынан Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары алғашқы орындарда. "Еңбек инспекторлары 4, 2 млрд теңге көлемінде анықталған қарыз көлемін өтей білді. 31 мыңнан астам жұмысшының құқы қорғалды. Жалақы берешегін уақытылы өтеуді күшейту мақсатында  еңбек инспекторларының кәсіпорындарға беретін ұйғарымының мәртебесін заңнамалық түрде сот орындаушысының бұйрығына теңестірілді", – деді Б.Нұрымбетов.

Енді еңбек инспекторлары да сот орындаушылары сияқты, жалақы қарыздары үшін жұмыс берушілердің қосымша есеп шоттарына, мүліктеріне тыйым салып, елден шығуын шектеу сынды шараларды қолдана алады.


 

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу