Былтыр елімізде 45 жұмысшы жазатайым көз жұмған. Биыл мамырда оның саны 59-ға жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті.
"Биыл 1 мамырдағы мәлімет бойынша ел аумағында 59 адам қайтыс болды. Былтыр бұл көрсеткіш 45 болатын. Бүгінгі айтылып отырған еңбек қауіпсіздігі тұжырымдамасы өз нәтижесін береді деп ойлаймын", - деді Төлеген Оспанқұлов елордада өткен "Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік" атты халықаралық конференция барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Одан бөлек, комитет төрағасы жұмысшылардың өмірін сақтандыру мәселесін қозғады.
"Бүгінде мекемелердің 62%-ы жұмысшылардың өмірін сақтандырған. Қазір елімізде 7 сақтандыру компаниясы бар, біз олардың жұмысына мониторинг жүргізіп отырмыз. Министрлік 2024-2030 жылдарға арналған еңбек нарығы тұжырымдамасын әзірледі, соның ішіндегі жаңашылдықтардың бірі – міндетті сақтандыру", - дейді ол.
Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясының мәліметі бойынша, өлім құрылыс саласында жиі кездеседі.
Бұған дейін комитет басшысы Майқайыңдағы апатқа қатысты тексеру барысымен бөліскен еді.
Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтар жайлы әрі лайықты өмір сүруі қанша табыс табуы керектігі туралы пікір білдірді.