"Еңбек кодексіне" өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек

2732

Сенаторлардың бастамасымен "Еңбек кодексіне" тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірленбек. Бұл туралы депутат Нариман Төреғалиев Сенаттың жалпы отырысында айтты.

"Еңбек кодексіне" өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек

Жыл сайын елімізде 1 500-ге жуық адам өндірісте жарақат алады, бұл ретте 200-ден астам жұмысшы қаза табады, ал 600 адам жұмыс кезінде мертігу және кәсіби аурулар салдарынан мүгедектік алады. Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында осындай көңілсіз деректерді келтірді.

"2020 жылы тексерілген 1,6 млн жұмысшының 22% зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істегені анықталған. Нәтижесінде, жыл сайын 500-ге жуық жұмысшыдан кәсіптік аурудың алғашқы белгілері тіркелуде. Одан басқа, 2020-2021 жылдары, еңбек инспекторларымен анықталған 11 мыңнан аса бұзушылық болса, соның 34%-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында тіркелген", – деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алайда оларда мемлекеттік бақылауды тек 237 еңбек инспекторы ғана жүргізеді. Инспекторлардың жетіспеушілігіне байланысты жыл сайын ұйымдар мен кәсіпорындардың тек 3%-ын тексерумен қамту мүмкін болып отыр. Сенатор түсіндіріп өткендей, бұл құзыретті органдар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алумен күреспейді, тек өткен шақпен ғана жұмыс істейді.

Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инспекторлар жоспарлы тексеру жүргізу туралы 30 күнтізбелік күн бұрын ескертуге міндетті. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін халықаралық еңбек ұйымының нормалары бойынша инспекторлар жоспардан тыс тексеру жүргізуге де құқылы болуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу