Биылғы жылдың 10 айында 580,9 мың адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. Ол арқылы 379,5 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 231,5 мың адам тұрақты жұмысқа тұрды, деп хабарлады Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің сөзіне сүйенсек, 198 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған. Оның ішінде 18,6 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 33 мың адам жастар практикасына, 147,1 мың адам қоғамдық жұмыстарға орналастырылған.
"Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында биылғы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс күші мол өңірлерден 5 360 адам, яғни 1 535 отбасы қоныс аударды. 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,2 мың адам жіберілді, ТжКБ бойынша оқытумен 18,4 мың адам қамтылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан бері жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін 12 109 микрокредит берілді, оның ішінде ауыл тұрғындарына 10 929 микрокредит берілді. Микрокредит алушылар 12 738 жұмыс орнын ашты",– дейді министрліктен.
Бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 200 АЕК мөлшерінде 38 мыңнан астам мемлекеттік грант берілген. Биылғы жылғы 1 қарашада 34,1 мыңнан астам грант бөлінген.