Еңбек министрі мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың жаңа тәсілдерін талқылады

247

Кездесуде оңалту, инватакси және кедергісіз орта мәселелері талқыланды.  

Еңбек министрі мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың жаңа тәсілдерін талқылады Фото: open-almaty.kz

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілермен кездесті. Кездесу ашық форматта өтіп, мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың жаңа тәсілдері мен өңірлердегі өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы кеңесшілер желісі 220-дан астам сарапшыны біріктіріп, 752 мыңнан астам қазақстандықтың мүддесін білдіреді.

Кездесуде оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа сервистік моделіне ерекше назар аударылды. Министр енгізіліп жатқан үздіксіз оңалту моделі қолданыстағы жеңілдіктерді жоймайтынын, керісінше толықтыратынын айтты. Оның сөзінше, мемлекет енді техникалық құралдарды пайдалану мерзімі бойы толық техникалық сүйемелдеуді өз мойнына алады.

Осы бағытта Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында техникалық сараптама және жөндеу орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жөндеу кезінде уақытша пайдалануға арналған арнайы алмасу қоры құрылмақ.

Жиында "Қолжетімділік картасы" жобасы, инватакси қызметінің жұмысы және цифрлық сервистерді жетілдіру мәселелері де көтерілді. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталындағы тауар бағаларын нарыққа бейімдеу бойынша ұсыныстар қаралды.

Кездесу қорытындысында Аскарбек Ертаев мұндай кездесулерді тоқсан сайын өткізу туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу