Бұл мәселе Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті ұйымдардың өкілдері қатысқан жұмыс кеңесінде қаралды. Жиында оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесі, бұйымдардың сапасы, өнім берушілердің жұмысына бақылау орнату және қызмет көрсету үдерістерін цифрландыру мәселелері талқыланды.
Еңбек министрлігі өнім берушілердің қызметіне кешенді талдау жүргізіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді салыстырған.
"Талдау кезінде өнім берушілердің кадрлық әлеуеті, салық төлемдері, нақты қызметінің болуы, қойма орындары мен тауар қоры, сондай-ақ ықтимал үлестестігі тексерілді. Нәтижесінде 2026 жылы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген және өзге де негіздер бойынша 551 өнім беруші Портал тізілімінен шығарылды", – деп хабарлады министрлік.
Енді өнім берушілерді автоматты түрде тексеру жүйесі енгізіледі.
Алғашқы кезеңде ақпараттық жүйе мемлекеттік дерекқорлар арқылы қарыздардың, еңбек шарттарының және басқа да көрсеткіштердің бар-жоғын тексереді. Кейін цифрлық технологиялар мен геолокация арқылы қоймалардың және тауар қорының нақты бар-жоғы анықталмақ.