Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновтің айтуына қарағанда, бірінші жоспар: платформаларда өз бетінше жұмыс істейтін адамдардың қызметін оңай тіркеуге, қажет мамандарды тез табуға мүмкіндік беретін "платформалық жұмыс" деген электрон сервис әзірленеді. Бұл – әзірге жоспар, министр платформа дайын болғанда "көпшілікке таныстыратынын" айтты.
Сосын үшінші және төртінші санатта шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған 4,7 мың квота қысқартылады. Министрдің айтуынша, бұл – "разнорабочий", қара жұмысшылар. Үшінші, өңірлік жұмыспен қамту карталары "өзектендіріледі" және ақпараттық жүйе тұрақты жаңартылып, мониторингі жүргізіліп тұрады.
Inbusiness.kz тілшісі "Неге жаңа өндіріс орындары құрылып, халықты көптеп жұмысқа орналастыру жүргізілмейді, пікіріңізді айтыңызшы?", – деп сұрады.
"Біздің министрлік жаңа жұмыс орындарын құрумен айналыспайды. Мысалы, Энергетика министрлігі мұнай-химия саласын дамытатынын айтты. Менің міндетім сол секілді жұмыс орындары құрылса, халықты орналастыру", – деп жауап береді министр.
Тасқын Болатұлы