Еңбек министрлігі зейнетақыға қатысты бұйрық әзірледі

311

Бұдан былай салымшының БЖЗҚ-дағы шоттарындағы "зейнетақы қоры салымшысының қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат беру" мемлекеттік қызметі болмайды. 

Еңбек министрлігі зейнетақыға қатысты бұйрық әзірледі Фото: baq.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бұйрықта мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметі алынып тасталатыны көрсетілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл ретте құжатта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің биылғы 4 қыркүйектегі бұйрығына сілтеме жасалынған. Бұл шешімнің немен байланысты екеніне түсінік берілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі inbusiness.kz тілшісіне биліктің шешімін түсіндірді.

Министрлік мемлекеттік қызметтер тізілімінен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат беру" қызметін алып тастау бойынша бастаманы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі көтергенін баса айтты. Бұл анықтамалық сипаттағы бірқатар мемлекеттік қызметті алып тастау мақсатында жасалынып отыр.

"Осыған дейін бұл мемлекеттік қызмет толығымен автоматтандырылған еді және электрондық үкіметтің веб-порталы мен мобильдік қосымшасында, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшаларында қолжетімді болатын. Қазір азаматтарға анықтамалардың екі түрі беріледі: электрондық үкіметтің порталы және мобильді қосымшасы, сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы зейнетақы аударымдары туралы анықтама; инвестициялық кіріс ескерілген БЖЗҚ есептеулері туралы анықтама, ол электрондық үкіметтің порталында және мобильді қосымшасында қолжетімді. Дәл осындай анықтамалық ақпаратты БЖЗҚ-ға жүгіну арқылы алуға болады", - деп хабарлады министрлік.

Яғни, формасы өзгергенімен, мәні өзгеріссіз қалды. Осыған дейін мемлекеттік қызмет деп аталған құжат енді анықтама түрінде ұсынылады.

Айта кету керек, осыған дейін сарапшылар зейнетақы жинақтарынан тұрғын үйге, емделуге және басқа да мақсаттарға қаражатты мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды ұсынған болатын.  Halyk Finance компаниясы Қазақстанның зейнетақы жүйесінің басты мәселесінің бірі ретінде халық тарапынан оған деген сенімсіздікті атады.

Оған азаматтардың зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан тезірек алуға деген ұмтылысы айқын дәлел бола алады. Мұндай сенімсіздіктің себептеріне халықтың қаржы сауаттының төмендігі; жеке зейнетақы қорларын әлсіз реттеу; БЖЗҚ-да теріс жағдайдың қалыптасуы және жеке зейнетақы қорларын директивалық біріктіру; БЖЗҚ құрылғаннан кейін бірден мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздарға БЖЗҚ-ның нарықтық емес инвестициялары жатады. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай мәселелер жоқ, бірақ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімсіздік сақталып отыр.

Тиісті бұйрық 4 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады. Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Айта кетейік, еліміздің Ата Заңының 18-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу