Еңбек министрлігі жалақының төмендеуі мен ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді

331

Вице-министр жалақыны көтеру бірқатар факторға байланысты екенін айтты.  

Еңбек министрлігі жалақының төмендеуі мен ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді Фото: Politiko.kz

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың орташа жалақысының төмендеуі мен ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенаттағы брифингте бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев жалақы көлеміне сыйақы, үстемеақы және өзге де төлемдер әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, орташа жалақы көрсеткішінің өзгеруі бюджет кезеңінің басталуымен байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар вице-министр қазіргі 85 мың теңгелік ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру туралы нақты шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді. Бұл мәселе бизнес өкілдері, кәсіпорындар мен кәсіподақтардың қатысуымен талқыланып жатқанын айтты.

"150 мың теңгеге көтере салайық дейтін оңай мәселе емес. Мұнда еңбек өнімділігі, кәсіпорындардың жағдайы, бизнестің мүмкіндігі секілді көптеген фактор бар", – дейді Тұяқбаев.

Оның айтуынша, қазір елде шамамен 9,7 миллион адам еңбек етеді және олардың жартысынан көбі жекеменшік секторда жұмыс істейді. Сондықтан ең төменгі жалақыны күрт көтеру кей кәсіпорындардың жұмысшыларды қысқартуына әсер етуі мүмкін.

Вице-министрдің сөзінше, министрлік бұл мәселе бойынша кәсіпкерлермен, кәсіподақтармен және халықаралық еңбек ұйымымен кеңесіп жатыр. Нақты ұсыныс жыл соңына қарай жариялануы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу