Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38%-ы – жастар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38%-ы – жастар. Жыл басынан бері 196 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарын іске асыру тәртібіне, сондай-ақ гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Енгізілетін өзгерістер тиімділік пен атаулылықты арттыруға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына көзделген қаражаттарды нысаналы жұмсауға бағытталған", – деді Асқар Биахметов.
Оның айтуынша, еңбек нарығында 7 800-ден астам кәсіп сұранысқа ие. Олардың ішінде кәсіптік стандарттармен 4500-ге жуығы қамтамсыз етілген, 864 кәсіптік стандарт әзірленді.
"Білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына жақындату үшін қазір білім беру бағдарламаларын кәсіптік стандарттарға теңестіру жүргізілуде. Бүгінде олардың негізінде 11 мың білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бұдан бөлек, Дағдылардың цифрлық банкі енгізілуде. Кәсіптік стандартты әзірлеу процестеріне жасанды интелектіні енгізу келесі қадам болады. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістерді жедел талдауға, процестерді оңтайландыруға және стандарттарды уақтылы жаңартуға жол ашады", – деді вице-министр.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын жазған едік.