Еңбек нормалары Кеңес заманынан қалып қойған – Серікжан Берешев

1264

ТМД елдеріндегі еңбек стандарттарын реттеу мәселесі талқыланды.  

Еңбек нормалары Кеңес заманынан қалып қойған – Серікжан Берешев

Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің өкілдері елордада бас қосып, еңбек тәртібі мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізді. Конференцияда Қазақстан мен ТМД елдерінің еңбек стандарттарын әзірлеу тәжірибесі мен тиімділігі қарастырылды.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Серікжан Берешевтің айтуынша, еліміздегі еңбек нормаларының көпшілігі ескіріп, жарты ғасыр бұрынғы әдіс-тәсілдерді әлі күнге дейін пайдаланылуда.

"Қазақстан мен ТМД елдерінде еңбек нормаларының көпшілігі ескірген. Мысалы, жұмыс уақытының нормаланған шығындарын зерттеудің заманауи әдістері қолданылмайды. Әлі күнге дейін секундомер, фотохронометраж тәрізді елу-алпыс жыл бұрынғы тәсілдер қалып қойған. Қазіргі әдістемелік нұсқаулықтар осыдан қырық-елу жыл бұрынғы Кеңес заманынан қалып қойған әдіс-тәсілдерді қайталайды. Сол себепті бізге қазір жұмыс уақыты нормаланған шығындарын зерттеуді заманға сай жүргізуіміз керек", – деді ғалым.

Сондай-ақ, Серікжан Берешев бүгінгі семинардан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Мәселен ол жұмыс уақытының нормаланған шығындарын есептеу үшін компьютерлік технологияларды пайдалануымыз керек екенін айтады.

Аталған құрылғы автоматы түрде шығындарды есептеп, соның негізінде зерттеуге қолайлы нормалар жасауға болады.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, жұмыс уақытының нормаланған шығындары – кәсіпорын экономикасының үлкен бір бөлігі. Бұл нормаларда берілген жұмысты орындауға қажетті шығындар есептеледі. Мысалы, жұмысты бастауға дайындық пен аяқтау уақыты, жедел жұмыстар, жұмыс орнын ретке келтіруге кететін уақыт, үзіліс, демалыс пен жеке қажеттіліктерге жұмсалатын уақыт және т.б шығындар.

Конференция барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов ТМД елдері арасындағы еңбек стандарттары саласындағы тәжірибе алмасу еңбек қатынастарын жетілдіруге ықпал ететіндігін айтып өтті.

"ТМД атқарушы комитетінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде әр 5 жыл сайын ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары анықталып, еңбек нормалары бойынша бірыңғай нормативтік құжат дайындалады. Осы бағытта жұмыс жалғасуда. Достастық елдері арасындағы ынтымақтастық жемісті болатынына сенімдімін", – деді вице-министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу