Үкімет отырысында өңдеу секторында еңбек өнімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі – $89,6 мың/адамды, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты өсім 114,2% құрады. Еңбек өнімділігі отандық мұнай өңдеу зауыттарының (Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ, Шымкент МӨЗ және "Каспи Битум" ЖШС) негізгі мұнай өнімдерін өндіруі есебінен ұлғайтылды.
"2018 жылдың 6 айында 1713,6 мың тонна – автобензин, 119,1 мың тонна – авиакеросин, 2093 мың тонна – дизель отыны және 375 мың тонна – битум өндірілді. 2018 жылы 3,9 млн тонна – автобензин (2017 жылға 130,9%), 389 мың тонна – авиакеросин (2017 жылға 128,4%), 4,4 млн тонна – дизель отыны (2017 жылға 110,2%), 2,59 млн тонна – мазут (2017 жылға 78,96%) және 823 мың тонна битум (2017 жылға 112,6%) өндірісі күтілуде", – деді Болат Ақшолақов.
2018 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы саласындағы еңбек өнімділігі $8,2 мың/адамды, 2017 жылдың сәйкес кезеңіне нақты өсім – 109,7% құрады. Энергетика вице-министрінің айтуынша, негізінен еңбек өнімділігінің артуы полипропилен және метил-трет-бутил эфирінің өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.
Жалпы мұнай-газ химиясы саласында 2018 жылдың 6 айында 7,6 мың тонна – бензол, 16,6 мың тонна – полипропилен, 12,4 мың тонна метил-третбутилді эфир өндірілді.
Осы жылдың қараша айында параксилол өндірісі басталды және 6,1 мың тонна көлемінде өндіру күтілуде. Бензол өндірісі – 11,3 мың тонна, полипропилен – 27,3 мың т, 18,3 мың тонна – метил-третбутилді эфир өндірісі күтілуде.
"Жалпы еңбек өнімділігі тұрақты ұлғаюда. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз", – деп түйіндеді вице-министр.