"Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан президентінің көмекшісі – Қазақстан президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын", – деп жазылған Президент Жарлығында.
Осыған дейін Еңбек министрлігін Серік Шәпкенов басқарған еді. Ол Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалды.
Айта кетейік, Тамара Дүйсенова 1965 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірді, мамандығы – инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі қызметінен бастады.
1988-1992 жылдары Өзбек ССР-нің Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми зерттеу институтының экономисі болып еңбек етті.
1992-1993 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық әкімшілігінің аға экономисі;
1993-1994 жылдары – "Перизат-холдинг" компаниясының бөлім басшысы;
1994-1997 жылдары – Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары;
1997-1999 жылдары – Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары;
1999-2002 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
2002-2006 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі;
2006-2008 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
2008-2013 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы;
2013 жылғы ақпаннан маусымға дейін – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі;
2013-2014 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
2014-2017 жылдары – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі;
2017-2018 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
2018-2019 жылдары – Nur Otan партиясының хатшысы;
2019-2020 жылдары – "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ жетекшісі;
2020 жылғы мамырда Президент көмекшісі-Президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
"Құрмет" ордені, "Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл" (2001), "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" (2005) медальдарымен марапатталған.