Еңбек жасақтарында жұмыс істейтін жастар 130 мың теңгеге дейін жалақы алады

470

Ақтөбе облысында 2 мың жас "Жасыл ел" және "Атамекен" құрылыс жасақтарында еңбек етеді. 

Еңбек жасақтарында жұмыс істейтін жастар 130 мың теңгеге дейін жалақы алады Фото: inbusiness.kz

Олардың еңбекақысы 120-130 мың теңге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтөбе облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасы арқылы 1 200 жас орман шаруашылығына барады. Онда көгалдандыру жұмыстарын жасайды. Ал 800-і абаттандыру және құрылыс саласына бағытталады.

"Биыл жастардың жалақысы өсті. Былтыр 100 мың теңге алса, биыл 120-130 мың теңге еңбекақы беріледі. Бұл жастардың жұмысына байланысты берілетін жалақы көлемі. Негізі 16-35 жас аралығындағы жастар еңбекке араласа алады. Мектеп оқушылары ата-анасының рұқсатын алуы тиіс. Жастардан жеке куәлік көшірмесе, 075 анықтамасы мен жұмыссыздығын растайтын құжат сұралады", - деді "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары және "Атамекен" студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.

Қазіргі кезде жастардың алғашқы легі еңбегін бастап кетті. Жалпы 200-ден астам жас орман шаруашылығындағы жұмысқа тартылды. Ал 100-ден астамы қаланы абаттандыруға үлес қосып жүр.

"Көгалдандыру жұмыстарына тартылған жастар қазір Мағаджан тәлімбағында ағаш суарып, арамшөбін жұлады. Сонымен бірге бір бөлігі тасжол жиегіндегі құмды жинау, қоқыс жинау, талдарды әкетуге жұмылдырылады. Жол белгілерін де сырлайды", - деді "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары және "Атамекен" студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.

"Таза қала" акциясы аясында өзен жағасы да тазаланады. Бұл – апта сайын атқарылатын жұмыс. "Менің атаулы ағашым" акциясы көктемде ұйымдастырылды. "Ардагерлерімізді ардақтайық" акциясы аясында зейнеткерлерге көмектесу жолы қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу