2023 жылдың тамыз айының соңына дейін жыл сайынғы "Еңбек жолы" – 2023 республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылады. Еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері арасындағы конкурсқа қатысу үшін биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен 591 өтінім берілді.
Бұл байқау өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын танымал етуге және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Конкурс жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейлерде үш номинация бойынша өткізіледі: "Үздік еңбек әулеті" – ең ұзақ еңбек өтілі бар, ең көп наградалары бар әулет таңдалады; "Өндірістің үздік жас қызметкері" – 5 жылдан аспайтын жұмыс өтілі бар өндірістің ең белсенді және еңбекқор қызметкері таңдалады; "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" – кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар ең жоғары тиімді тәлімгер таңдалады.
Номинациялар бойынша: "Үздік еңбек әулеті" – 143, "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" – 215, "Өндірістің үздік жас қызметкері" – 233 өтінім берілді.
Конкурс лауреаттарын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы республикалық комиссия айқындайды, оның құрамына ведомство өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер, "Атамекен" ҰКП және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Қоғамдық келісім" РММ өкілдері кірді.
"Еңбек жолы" - 2023 байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімін осы жылдың қыркүйек айының соңында өткізу жоспарлануда.