Алматы облысы Полиция департаменті ақпаратқа қатысты түсінік берді.
Тәртіп сақшылары 6 шілдеде Toyota Camry көлігін тоқтатқан.
Тексеру барысында жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылса да, тізгіндеп келе жатқаны анықталды.
"Көлікті айып тұрағына жеткізген кезде KIA Carnival көлігі келіп, оның ішінде отырған жолаушы М. полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, тәртіп бұзушыға хаттама толтыруға кедергі келтіре бастады. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу кезінде құқықбұзушы полиция қызметкерлеріне бағынбады", – делінген хабарда.
Ер адам медициналық тексерістен өткен, нәтижесінде оның "орташа" дәрежеде алкогольге мас екені анықталды.
"Нәтижесінде, көлік құралын басқару құқығынан айырылса да көлік жүргізген Toyota Camry жүргізушісі сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот шешімімен құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін KIA Carnival жолаушысы да 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды", – деп хабарлады Полиция департаменті.