Жаңа құралдардың бірі – биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақылды көзілдіріктер адамның бет-әлпетін ведомстволық дерекқорлар арқылы жедел тексеруге мүмкіндік береді. Құрылғы әзірге пилоттық режимде, бір дана көлемінде қолданылып жатқанына қарамастан, алғашқы практикалық нәтиже көрсетті.
Алматы қаласының полиция департаментінің мәліметінше, жақында қаладағы мешіттердің бірінде осы құрылғының көмегімен Шымкент полициясының бастамасымен іздеуде жүрген ер адам анықталды. Ақпарат тексерілгеннен кейін ол ұсталып, одан әрі процестік әрекеттер жүргізу үшін тиісті органға тапсырылды.
"Технология қызметкерге смартфон немесе планшетке алаңдамай-ақ, адамның бет-әлпеті бойынша іздеудегі тұлғамен сәйкестік болуы мүмкін екені туралы ақпаратты тікелей көзілдірік экранынан көруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе адам көп жиналатын қоғамдық орындарда патрульдік қызмет атқару кезінде маңызды. Өйткені іздеуде жүрген адамдарды дер кезінде анықтауға жол ашады", – делінген хабарламада.